Қостанай облысында 53 ауылға талшықты-оптикалық байланыс жетеді

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанай облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 53 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен өткен аппарат жиналысында өңірдегі цифрландыру саласының дамуы сөз етілді. Өңір басшысының Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Еркебұлан Әбдікәрімовтің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, қалалық басқару, әлеуметтік және экология салаларына басымдық беріледі.

Осы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы шеңберінде 53 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізіледі. Алайда, интернетпен қамтылмаған 99 ауыл және интернет жылдамдығы төмен 322 елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетке қосу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Бүгінде бюджеттен бөлінген қаражат білім және денсаулық салаларына жұмсалды. Мәселен, облыстағы 504 мектептің 446-ы және 500 медициналық мекеменің 476-ы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Қазір облыстың кейбір мектептері мен медициналық мекемелері тарифтердің қымбаттауына байланысты жоғары жылдамдықты интернеттің толық мүмкіншіліктерін пайдалана алмауда.

«Жастар жылы аясында «Jas Qosta» студенттердің Youtube арнасын іске қосып, желілерде ақпараттық жұмыстарды ұйымдастырамыз. Бұған қоса Астанадағы iKomek орталығының үлгісі бойынша «109» Ахуалдық орталығы құрылады және барлық жедел қызметтер (101,102,103,104,112) бойынша өтініштерді қабылдайтын «112» Бірыңғай диспетчерлік қызметін құру жоспарда бар. Сондай-ақ, «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» жобасы аясында учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция қызметкерлері планшеттік компьютерлер, картридерлер, бейнетіркеуіштер және басқа да қажетті техникамен жарақтандырылады», - деді Еркебұлан Әбдікәрімов.

Басқарма басшысы облыстың медициналық мекемелеріне PACS (бірыңғай ақпараттық радиологиялық жүйе) жүйесін енгізуді алға тартқан. Оның жүзеге асыру үшін қазынадан 1 млрд 247 млн теңге қажет. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл ұсынысты қолдаған жоқ.

«Дәл қазіргі уақытта денсаулық саласында мұнан да маңыздырақ мәселелер жетіп артылды. Одан да қомақты қаржыны 30-40 жылдан бері жөндеу көрмеген ғимараттарды жаңартуға, медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсаған анағұрлым маңыздырақ. Сондықтан алдағы уақытта қаражат сұрарда бәрін тереңнен зерделеу қажет. Пайдалы іс болмаса, босқа ақша шашудың қажеті қанша?» - деп түсіндірді аймақ басшысы.

Архимед Мұхамбетов құрылыс саласын цифрландыруда атқарылған істерді сынға алды. Оның айтуынша, облыстың геопорталын құрудағы жұмыстар сылбыр жүріп жатыр. Әкім осы мәселені ретке келтіру үшін сала басшыларына он күн уақыт берді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қостанай облысында 7 цифрлық ферма құрылатын болады.

Соңғы жаңалықтар