Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бисимбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл Қостанай облысы ұн өндірісі бойынша республикада бірінші орынға шықты. Нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік алды. Осы жылдың 11 айында азық-түлік өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісі артқан. Мәселен, ірімшік және сүзбе (49,4% - ға), сүт және қоюландырылған кілегей (45,5% - ға), сары май (31% - ға), жарма (16,5% - ға) дайындау ісі алға басқан.
«Тұрақтандыру қорында құны 931,1 млн теңге болатын 6,9 мың тонна азық-түлік өнімдері дайындалды. Атап айтқанда, картоп – 87 тонна, сәбіз – 418 тонна, қант – 121,2 тонна, күнбағыс майы – 3 тонна, жұмыртқа – 385 тонна, қарақұмық – 1 тонна, күріш – 42,9 тонна, қырыққабат – 310 тонна болса, ұн 5 мың тоннаға жуық жиналды. Жыл басынан бері облыста 183 жәрмеңке өтіп, 2028 тонна өнім сатылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру туралы 1059 меморандум жасалды. Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, бағаны тұрақтандыру мәселелерін қарастыруда», - дейді басқарма басшысы.
Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов аудандар мен қалалардың әкімдеріне мерекелер мен электоралды кезеңді ескере отырып, азық-түлік бағасын бақылауда ұстауды тапсырды. Тауар жеткізушілері және ірі сауда орталықтарымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын төмендету мәселесін біржақты ету де жүктелді.