Жиында білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің сөзінше бағдарламаның облыстық жоспарына 3 индикатор, 21 көрсеткіш және 97 іс-шара кіреді.
«Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында мектепке дейінгі және орта білім сапасын арттыру, кадрлық құрамды жақсарту, ТжКБ ұйымдарының түлектерін жұмысқа орналастыру, жетім балаларға білім жағдайын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық базасын жақсарту күн тәртібінен түскен емес. Осы жылы білім беруді қаржыландыруға 122,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, 133 білім нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізуге 11,2 млрд теңге бағытталды. Компьютерлік техниканы сатып алу және кітап қорын жаңарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді», - деді облыс басшысы.
Облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова 2020 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Биыл білім нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілген.
Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында мемлекеттік тілде оқытатын 320 орындық жаңа мектеп ашылса, жыл аяғына дейін Қостанай қаласындағы «Юбилейный» шағын ауданында мемлекеттік және орыс тілінде оқытатын тағы бір 1200 орындық мектеп пайдалануға беріледі.
«Апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешілді. Биыл жалпы сомасы 8,5 млрд теңгеге 30 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті, бұл өткен жылғы қаражат көлемінен үш есе артық. Былтыр 2,7 млрд теңгеге 21 нысан ретке келтірілді. 2021 жылы Қарабалық ауданында 320 орындық орта мектептің құрылысы басталады. Дәл осындай жоба Қостанай қаласының «Береке» және «Қонай» шағынауданында жалғасады», - деді басқарма басшысы.
Кеңес қорытындысында Архимед Мұхамбетов аудан әкімдері мен басқарма басшыларына білім беру және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмысын айрықша қадағалауды тапсырды.