Қостанай облысында білім гранттары көбейеді
Қостанай облысы әкімдігі Жастар ісі жөніндегі кеңесінің отырысына қатысқан Архимед Мұхамбетов биыл өңірдегі 5 ЖОО-на небәрі 41 гранттың бөлінгенін айтты. Ал келесі жылы облысқа 200 грант қарастырылған.
«100 білім гранты денсаулық сақтау саласына бағытталған. Өздеріңізге мәлім, облыста дәрігерлер жетіспейді. Ал тағы 100 грант техникалық мамандықтарға арналған. Аймақта автоөндіріс жақсы дамып келеді. Таяуда индустрияық аймақ ашылды. Енді бірте-бірте зауыттар бой көтере бастайды. Алдағы жылдың наурыз-сәуір айларында лифт құрастыру зауыт іске қосылады. Бұдан бөлек, жақында 3 зауыттың құрылысы жоспарда тұр», - дейді облыс әкімі.
Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, инженер, жоспарлаушы, техникалық құрастырушы мамандықтарына сұраныс жоғары. Сол себепті, өңір басшысы білім басқармасына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.