Қостанай облысында бір күнде 30-ға жуық көлік оқиғасы тіркелді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық тəртіп сақшылары жүргізушілерге көлік доңғалақтарын қысқа əзірлеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайда бір күні ішінде 29 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

«Ауа райының күрт құбылуы салдарынан 23-24 қазан күндері Қостанайда көктайғақ болды. Бір кештің өзінде 29 көлік апаты болды, оның 21-і қалада орын алды», - деп мəлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Қостанай облысы ІІД Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Құрмет Мəжікенов қостанайлық жүргізушілерді жолда абай болуға, доңғалақтарды қысқа əзірлеуге шақырады.

Қысқы және жазғы доңғалақтардың айырмашылығы жалғыз «тікендерінде» ғана емес дейді мамандар.

«Қысқы доңғалақтар төменгі температураға төзетін химиялық құрамнан жасалады. Егер жазғы доңғалақпен аязға шықсаңыз, ол қатып қалады да, басқаруға бағына бермейді», - деді «КостаМоторс» техникалық қарау орталығының механигі Сайын Ерлібекұлы.