Қостанай облысының ІІД баспасөз қызметінің ресми ақпаратына сәйкес, бүгін осы іске қатысты баспасөз мәслихаты өткізілген. Онда Қостанай облысының ІІД тергеу басқармасының бастығы Арон Алматов полиция жіті тергеу амалдарын жүргізіп, сараптама жұмыстарын қолға алғанын хабарлады. Арон Алматовтың айтуынша, «әу баста келтірілген жарақаттың деңгейі анықталмағандықтан, ҚР ҚК 107-бабы 1-бөлігі бойынша «Денсаулыққа қасақана орта дәрежеде жарақат келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұған қоса қоғамдық тәртіп бұзылғандықтан, «бұзақылық» бабы бойынша тергеу жүргізілген.
«Қазіргі уақытта ұсталған 33 жастағы жігіттің әрекеті ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі «қылмысқа оқталу» мен 99-бабы 1 бөлігіне «кісі өлтіруге әрекет жасау» қайта сараланды. Күдікті уақытша ұстау ошаулағышқа қамалды», - деп хабарлайды құзырлы органнан.
Сонымен бірге, бейнебақылау камераларын қарау барысында жүргізушінің бұрын айтылғандай бірнеше рет емес, бойжеткенді бір рет қаққаны анықталып отыр.
Еске сала кетсек, 16 шілде күні Қостанай облысының Затобольск кентінде 33 жастағы «Газель» автокөлігінің жүргізушісі 25 жастағы бойжеткенді қасақана қағып кеткен. Полицияның хабарлауынша, осының салдарынан бойжеткен әр түрлі дәрежеде дене жарақатын алған.