Қостанай облысында екі адам ыстан уланып, көз жұмды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда 3 адам ыстан уланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Рудный қаласында болған.  Өрт жылу камерасынан шыққан. Жалын 5 шаршы метрді шарпыды.

«Оқиға орнынан ер адамның мәйіті табылды. Қазір оның тұлғасы анықталуда. Сондай-ақ, ыстан уланған 57 жастағы тағы бір ер адам ауруханаға жеткізілді. Болжам бойынша, төтенше жағдайға отты абайсыз тұтыну себеп болуы мүмкін", - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметіндегілер осыған ұқсас қайғылы оқиғаның Қамысты ауданының Талдыкөл ауылында болғанын хабарлайды.  Жеке тұрғын үйде қатты отын жағу кезінде өз абайсыздығынан 66 жастағы ер адам ыстан уланып, оқиға орнында қаза болған.

 ТЖД мамандары облыс тұрғындарына пешті пайдаланар кезде барынша сақ болуды ескертеді.