Қостанай облысында елсіз далада қар құрсауында қалған балалар құтқарылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының құтқарушылары 6 адамды қар құрсауынан эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биылғы 31 қаңтар сағат 04:32-де құтқару қызметіне Арқалық-Қайыңды тасжолында ВАЗ маркалы автокөлік қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлама келген.

Сағат 07:23-те құтқарушылар оқиға орнына жетті.

Олардың айтуынша, жолаушылар Арқалық қаласына дейін баруды көздеп, солай қарай бағыт алған. Алайда боранға байланысты жол көрінбей, жүргізуші көлікті басқара алмаған, сөйтіп жол шетіне шығып кеткен.

Көлік ішінде 6 адам болған, оның екеуі - бала.

Көлікті тазартылған жолға сүйреп шығарған құтқарушылар бүкіл жолаушылардың жағдайын тексеріп шыққаннан кейін олардың медициналық көмекке мұқтаж еместігіне көз жеткізген.

Ал құтқарылғандар өз кезегінде қиын уақытта келеңсіз оқиғаға тап болған үлкендер мен балаларға жедел түрде көрсеткен көмегі үшін алғысын жаудырды.

Келеңсіз ауа райы, бұрқасын мен боран, оппа қар артқа қайтар жолда біраз қиындық тудырды, алайда құтқарушылар еш қиындыққа қарамастан жолаушыларды Арқалық қаласына дейін шығарып салды.

ТЖД қызметкерлері тұрғындарды дауылды ескерту болған кезде елді мекеннен тыс жерге шықпау керектігін тағы да ескертеді.

Ал ТЖ болған жағдайда «101» немесе «112» нөмірі бойынша қоңырау шалуға шақырады – көмек керек болған күнде құтқарушылар әрдайым дайын.