Қостанай облысында газ баллоны жарылып, екі зейнеткер көз жұмды

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында жеке тұрғын үй секторында газ баллоны жарылып, екі адам өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Қостанай облысының Әулиекөл ауданында болды. Өрт сөндірушілер келгенде тұрғын үй толығымен жалын қоршауында қалған.

«Құтқарушылар келгенге дейін бір газ баллонының жарылғаны белгілі болды. ТЖД қызметкерлері үй ішінен екі газ баллонын шығарды. Өрт 80 шаршы метр аумақты шарпыды. Құтқару жұмыстарына жеке құрамның 8 қызметкері мен 2 арнайы техникасы жұмылдырылды. Оқиға орнында 1937 және 1936 жылы туған екі әйелдің денесі табылды», делінген ТЖД ақпаратында.

Өрттің нақты себептері мен шығындары анықталуда. Облыстық ТЖД тұрғындарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады.