Қостанай облысында қар құрсауында қалған балықшылар құтқарылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында балық аулауға шыққан бірнеше адам боранда қалып қойған. Оларды ТЖД-ның арнайы жасақ қызметкерлері құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД Қоғаммен байланыс тобына сілтеме жасап.

ТЖД кезекші бөліміне 27 желтоқсан күні кешкі сағат 20.20 шамасында Ұзынкөл ауданында 4 жолаушысы бар автокөліктің қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлаған.

«Қостанай қаласының тұрғындары Неклюдов көліне балық аулауға келгені анықталды. Үйлеріне қайтпақ болып, Қостанай-Мамлютка республикалық трассасына бет алады. Жолда олар мінген «ВАЗ 2110» маркалы автокөлік қалың қарға тап болған. Тас жолға жетпей, Ұтақан ауылынан шамамен 10 шақырым жерде жеңіл көлік сынып қалады. Балықшылар құтқарушыларға хабар беріп, көлік ішінде күтіп отырған. Олар жергілікті елді мекенді нашар білгендіктен нақты орналасқан жерін түсіндіре алмаған. Құтқару жұмысына қатты жел, боран кедергі жасады», делінген ведомство хабарламасында.

Екі сағат іздеу барысында балықшылар тұрған жер анықталды. Оларға Ұзынкөл ауданының ТЖ бөлімінің және Федоров ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері келді. Құтқарушылар көлікті Ұзынкөл ауылына апарып, жергілікті ТЖО аумағында қалдырған. Балықшылар келесі күні автокөлік жөнделгеннен кейін үйлеріне оралды.