Қостанай облысында көпбейінді аурухана салынады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Келесі жылы Қостанай қаласында көпбейінді аурухана бой көтереді. Бұл туралы медицина қызметкерлерімен кездескен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2021 жылы Қостанай облысының Денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға, атап айтқанда, материалдық-техникалық базаны жақсартуға 6 млрд теңге бөлінді. Оның 2,1 млрд теңгесі аудандық ауруханаларды жарақтандыруға жұмсалады.

«Қостанай облыстық ауруханасы, облыстық балалар ауруханасы, Қарабаева атындағы санаторий толығымен жаңартылады. Денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге қосымша 2,5 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында келесі жылы Қостанай қаласында көпбейінді аурухананың құрылысы басталады. Денсаулық сақтау саласын қолдау бойынша жұмыстар жалғасады», - деді аймақ әкімі.

Қостанай облысында ауруханалар мен емханаларды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 3,9 млрд теңге жұмсалған. Сондай-ақ, Рудный қалалық ауруханасына МРТ аппараты, облыстық, инфекциялық, Рудный және Арқалық ауруханаларына 4 компьютерлік томограф, 17 сандық рентген аппараты, 111 санитарлық автокөлік сатып алынды.

Архимед Мұхамбетов өңірде дәрігерлерді қолдау жұмыстарын жалғастыруға уәде етті.

«Медицина қызметкері кәсібінің беделін одан әрі арттыру үшін дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, орта медициналық персоналдың жалақысы 20%-ға артады. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Атқарушы билік дәргерлерді қолдау шараларын жалғастырады. Аудан-қала әкімдеріне жекелей тапсырма берілді. Медицина мамандарын қолдауға қосымша 245 млн теңге бағытталады, бұл осы жылдың деңгейінен 2 есе көп», - деді облыс басшысы.