Қостанай облысында коронавирус жұқтырған адам қалалық ауруханада емделіп жатқан

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін сағат 09:50-дегі жағдай бойынша Қостанай облысында коронавирус жұқтырған 1 адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Жедел штабының ақпаратынша, вирус жұқтырған 1 адам 1965 жылы туған ер азамат. Ол қалалық ауруханада науқастарды профилактикалық зерттеу кезінде анықталды. Ер адам түрлі ілеспелі аурулармен проктология бөлімінде емделіп жатқан.

Қазіргі таңда барлық эпидемияға қарсы шаралар орындалып, науқас азаматпен байланыста болған адамдарға қатысты карантин шаралары қабылданды.

Науқас жер үйде тұрған, жұмыс істемейді. Ауру ошақтарында зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Ол Рудный қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылады.

Қостанай облысында қазіргі таңда COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғаны нақтыланған 36 адам бар. Ауруынан айығып кеткендер әзірге 1 адам ғана.