Қостанай облысында мал шаруашылығының 348 «ақылды» фермасы құрылады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында 33 цифрлы ферма құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында цифрландыру бағдарламасының Жол картасы жұмыс істейді. Онда көрсетілгендей, 2022 жылға дейін облыста 33 цифрлы ферма және өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы үшін 348 озық ферма құру жоспарлануда.

«Облыстың Геоақпараттық порталын іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл веб-порталда өңірдің картографиялық ақпараты орналасады. Нәтижесінде архитектура, құрылыс, жер қатынастары қызметтері толығымен цифрлық жүйеге көшеді. Кез келген кәсіпкер онлайн желіге кіріп, қажетті ақпаратын алады. Денсаулық сақтау және білім беру саласы бүгінде 100% компьютермен жабдықталған. Осы жылы білім беру нысандарына кең жолақты Интернетке қосу және компьютерлік паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Өткен екі айда «iKomek» жобасының «109» бірыңғай нөміріне жүздеген қоңырау түсті. Тұрғындар мәселесінің 98%-і шешілді. Осылайша, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін артырып отыр. Бұған қоса Қостанай қаласында 4 тегін WI-FI тарату желісі орнатылмақ», - делінген облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының ақпаратында.

Өнеркәсіп саласында да жаңалық жетерлік. «Соколов-Сарыбай» кен байыту комбинаты мен «Қашар» карьерінде бесінші буынды «Ақылды фабриканы» құру жоспарланып отыр. «Жасанды интеллект» элементтері бар автоматтандырылған жүйенің арқасында Еңбек өнімділігі 4 есе артады деп күтілуде.