Қостанай облысында 411 мың бас мал тері ауруларына қарсы егілмек. Жалпы, соңғы 4 жыл ішінде өңірде ірі қара малдың бруцеллез дертіне шалдығу деңгейі біршама төмендеді.
Былтыр өңірде эпизоотиялық ахуал тұрақты болды. Мәселен, 2014 жылы ірі қара малдың бруцеллез дертіне шалдығу деңгейі 1 пайыз болса, былтыр бұл көрсеткіш 2 есеге төмендеді. Мұндай нәтижеге ветеринарлар тек төлдерді жұқпалы ауруларға қарсы жаппай егу шараларымен қамтудың арқасында ғана емес, жеке секторлар мен шаруа қожалықтарында атқарылған жоспарлы, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізіп отыр.
«Егу жұмыстары 2019 жылдың ақпан айында басталады. 3 айдың көлемінде толығымен аяқтаймыз. Барлық ауданға дәрі-дәрмектер жіберіледі. Биыл жұқпалы аурудың 11 түріне қарсы төлдерге егу шаралары, 35 түрлі ауруға диагностикалық зерттеу жүргізіледі. Сонымен қатар жергілікті аумаққа тән аурулардың алдын алу қатаң бақылауда. Мұны ғылымда энзоотия деп атайды, яғни, инфекциялық аурудың бір мезгілде таралуы, аталған аурудың жаппай таралуын шектейтін табиғи және шаруашылық-экономикалық жағдайды бірқалыпта ұстаймыз», - дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет.
Ветеринарлар малдың жұқпалы ауруларының алдын алудың жолы вакцинация екенін ескертеді. Сол себепті ветеринарлық қауіпсіздік шаралары биыл да күшейтіледі.
Айта кетерлігі, жақында өткен мәслихат сессиясында депутаттар облыс бюджетінен осы салаға қосымша 78 млн теңге бөлу жөніндегі ұсынысты қолдады.