Қостанай облысында Мәжіліс депутаттығына үміткерлер белгілі болды

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанайда «Nur Otan» партиясының Қостанай облыстық филиалының кезектен тыс XXVIII конференциясы өз мәресіне жетті. Іс-шара барысында Мәжіліс депутаттығына үміткерлерге дауыс беру рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалының 150 делегаты 23 үміткерді іріктеп, дауыс берді. Әрбір делегат бірнеше үміткерге дауыс беруге мүмкіндік алды.

«Биыл партия тарапынан ауқымды жұмыс жасалып отыр. Жақында ғана партияішілік сайлау – праймериз өткен болатын. Соның жалғасы ретінде бүгінгі конференциямызды өткізіп отырмыз. Жалпы, праймеризге қатысу үшін облыста 843 адам тіркелген. Соның ішінде 43% (362) әйелдер, 30% (249) 35 жасқа дейінгі жастар. Қатысушылардың орташа жасы – 43 жас. Бастауыш партия ұйымдарынан 244 азамат ұсынылса, 600 адам өзін-өзі ұсынды», - деді өз сөзінде облыс әкімі, «Nur Otan» партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасы Архимед Мұхамбетов.


Сайлауға партияның кадр резервінен 584 адам ұсынылған. Онлайн дауыс беру алдында барлық кандидаттар пікірсайысқа қатысты. Пікірсайыс барысы партияның облыстық филиалының әлеуметтік желілердегі ресми аккаунтында тікелей эфирде көрсетілді.

Үш минут ішінде үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларының басымдықтары туралы айтып, содан кейін бір минут ішінде әріптестерінің сұрақтарына жауап беруі керек болды.

Жалпы, праймериз кезінде 800-ге жуық бағдарлама әзірленді, оның әрқайсысында азаматтардың өмірін жақсарту бойынша нақты ұсыныстар бар.

Конференция делегаттарының онлайн-дауыс беру нәтижелері бойынша ең көп дауыс жинағандар қатарында Екатерина Смышляева (144 дауыс), Самат Ақышев (128), Қырмызы Жаңбыршина (103), Әділ Ағайсиндер (91) болды.

Конференция санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып өтті. Сондай-ақ оның барлық қатысушылары міндетті ПТР сынағынан өткен болатын.