Қостанай облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру жұмыстары кешенді түрде іске асып келеді. 2020 жылы облыс тұрғындарына мемлекеттік қызметтің 91%-ы электрондық форматта көрсетілді. Өңірдің атқарушы органдарының реестрінде 374 қызмет тізімі бар.
«Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жергілікті атқарушы органдардағы заңбұзушылықтарды 9 есеге қысқартып, оларды көрсету сапасына оң әсерін тигізді. Жалпы 2007-2021 жылдар аралығында енгізілген мемлекеттік қызметтер саны 5 есеге артты. Тек осы жылдың өзінде Қостанай облысының тұрғындары былтырғыдан 11 қызмет артық алады. Атап айтқанда, «Бастау Бизнес», «»Мүгедектерді ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу», «Мүгедектерді техникалық-көмекші (орнын толтырушы) құралдармен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу» сынды сұраныс көп түскен қызметтер қосылды», - деді А.Ескендіров.
Қостанайда мемлекеттік органдар халыққа тиімді болу үшін бірқатар қызметтерді ретке келтірді. Сонымен қатар қызметтердің дені порталдарда қолжетімді. Бұл сыбайлас жемқорлық қаупін азайтып, қағазбастылықтан құтылуға көмектеседі дейді агенттік мамандары.