Қостанай облысында мемлекеттік қызмет мектебі жасақталды
Қостанай облысының мемлекеттік қызмет мектебіне іріктеу екі жыл қатарынан жүрді. Аталмыш мектепке дарынды және болашағы зор студенттер енді. Олар мұнда мемлекеттік қызмет саласындағы теориялық және практикалық білімді толығымен алады.
Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Ерлан Салықбаевтың айтуынша, бұл жерде болашақ түлектерге мемлекеттік аппаратта жұмыс істеу дағдысын меңгеруге, мамандықты дұрыс таңдауға, өзінің көшбасшылық қабілеттерін дамытуға көмектеседі. «Мемлекеттік қызмет мектебінің миссиясы – келешекте мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін әлеуетті үміткерлерді дайындау. Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін біз елдің жас буынына ерекше назар аударуымыз керек. Жастар – біздің болашағымыз. Дәл осы мемлекеттік қызмет мектебі білікті және болашағы бар кадрларды дайындау үшін бірегей алаңға айналуы тиіс», - деді Ерлан Салықбаев Мемлекеттік қызмет мектебінің тыңдаушыларына. Мектептің ашылуына дейін облыстың барлық жоғары оқу орындарында түсіндіру, сынақ жұмыстары жүргізілді. Себебі, оған білімімен, көшбасшылық қасиеттерімен дараланған студенттер енді. Қазір оның құрамына 20 студент алынды.