Қостанай облысында мұғалімдердің материалдық жағдайын жақсартуға 14,1 млрд теңге бөлінді

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов аймақтың үздік педагогтерін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шара облыстық филармоняиның мәжіліс залында өтті. Жиын барысында төрт мұғалім «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанса, екі ұстаз «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін тақты. 120 мұғалім Білім және ғылым министрлігінің грамоталары мен алғыс хаттарына ие болып, 153 педагогке облыстық Білім басқармасының марапаттары табыс етілді.

«Қостанай облысында 20 мыңнан астам мұғалім еңбек етеді. Биыл білім беру саласы 417 жас маманмен толығып отыр. Олардың көбі бүгінде ауыл мектептерінде еңбек етіп жатыр. Жас мамандарға барынша қолдау көрсетіледі. Биыл облыста «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын жүзеге асыру үшін, олардың материалдық жағдайын жақсартуға 14,1 млрд теңге қарастырылып отыр. Қомақты қаржының басым бөлігі мұғалімдердің жалақысын көтеруге жұмсалады. Биыл қаңтардан бастап мұғалімдердің айлық табысы 25%-ға өскенін білесіздер. Сіздердің шәкірт тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз елене берсін!» - деді облыс әкімі шара барысында.

Сондай-ақ жиында «Үздік педагог» республикалық байқауының облыстық кезеңінде үздік шыққан 6 мұғалім марапатталды. Аймақ басшысы жеңімпаздардың қолына 833 мың 400 теңгенің сертификаттарын тапсырды.

Мерекелік шарадан соң ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өңірлермен тікелей байланысқа шығып, «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздарын құттықтады. Облыстық кезеңде озып шыққан 6 жеңімпаздың 4-еуі республика үздіктерінің қатарынан көрінді. Жеңімпаздарға тағайындалған 2 млн 778 мың теңгелік сыйақыны облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова табыс етті.