Қостанай облысында пойыз төрт жарым сағат бойы бұзылып тұрған - ТЖД

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 4 жарым сағат кешігіп келген «Қостанай-Арқалық» пойызының 1 вагонынан ақау білінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«17 желтоқсан күні техникалық ақауларға байланысты «Қостанай-Арқалық» бағытындағы № 622 жолаушылар пойызы «Құсмұрын» бекетінде кідіріп тұрды. Белгілі болғандай, 1-вагондағы 2 доңғалақ жұбы сынған. Сағат 06:10 шамасында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, пойыз орнынан қозғалды. Арқалық қаласына 4 сағат 29 минут кешігіп келді», - деп хабарлады облыстық ТЖД.

Айта кетейік, вагон доңғалақтарын ауыстыру үшін «ҚТЖ» АҚ қызметкерлері жұмылдырылды.

Еске салсақ, 18 желтоқсан күні Ақмола облысының Есіл стансасында техникалық себептерге байланысты тұрып қалған «Алматы - Қостанай» жолаушылар пойызы 7 сағатқа жуық кешігіп келді.