Қостанай облысында шаруаның 40 тонна шөбі өртеніп кетті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Науырзым ауданының Раздольное ауылында шаруаның қысқа дайындаған мал азығы өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауылдағы Строительная көшесінің бойындағы үйде қазірдің өзінде 40 тонна шөп жанып кетті. Бұл туралы ауыл тұрғыны Самат Жанпейісов хабарлады.

Ақпаратты облыстық ТЖД өрт сөндіру бөлімі растады. Науырзым ауданындағы өрт туралы кезекші бөлім 31 қазан күні сағат 02:35-те хабар алған.

«Өрт аумағы 120 шаршы метрден асады. Тілсіз жауды ауыздықтау қиынға соғып тұр. Шөп алқабы үйлерге жақын орналасқан. Өрт сөндірушілер жақын жердегі құрылыс материалдарын оқшаулады. Құрғақ шөп тез жанғыш, оның үстіне желдің күштілігі де кедергі келтіруде», - деп мәлім етті облыстық ТЖД баспасөз қызметіндегілер.

Алдын ала болжам бойынша әлдебіреу шөп алқабын қасақана өртеген. Ең жақын өзен 1 шақырым қашықтықта орналасқан. Суды жылдам жеткізу де қиындап тұр. Өртті сөндіру үшін 8 адам мен 2 арнайы техника жұмылдырылды.

Иллюстрациялық фото