Облыстық әкімдікте өткен селекторлық отырыста ауыл шаруашылығы басқармасының цифрландыруға байланысты есебі тыңдалды. Жалпы, өңірде агроөндірістік кешенді (АӨК) цифрландыру бойынша 29 ірі жоба қолға алынған. Бүгінге дейін бұл бағытта 15 іс-шара өткізілді.
«Облыста АӨК-ні цифрландыру пилоттық жобасына қатысуға мүмкіндігі бар 20 кәсіпорын іріктеліп алынды. Солардың бірі - «Астық индустриясы» агрохолдингі өз базасында бірнеше жаңашылдық ұсынды. Агрохолдинг малдарды чиптеу жұмысын бастап кетті. Бұл әдіс арқылы асыл тұқымды малдың ұрланбауы компьютерден қадағаланады. Шаруашылық қазірдің өзінде 20 мың чип сатып алған. Бұған 7 млн теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, мұндағы бордақылау алаңы да озық технология бойынша жабдықталды. Цифрландыру бойынша «Жас-Қанат 2006», «Қарқын» сияқты шаруашылықтардың жетістіктерін атап өтуге болады», - деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Әбдікәрімов.
Жақында «Ақылды сүт фермасы» жобасын Қостанайда енгізу үшін Австрия елінен сарапшы мамандар арнайы шақыртылды. Олар облыстағы «Садчиков» ЖШС-ны Smaxtec бағдарламалық-аппараттық жүйесіне қосты. Бұл технологияның артықшылығы мынада: «болюс» атты арнайы құрылғы сиырлардың ауыз қуысы арқылы қарнына жіберіліп, сол арқылы жануардың жалпы жағдайын, негізгі физиологиялық параметрлерін толықтай бақылап отыруға болады. Әр бес минут сйын температура қадағалауда болады. Бұл жануардың ауру-сырқауының алдын алуға арналған тың тәсіл. Сондай-ақ, құрылғы қозғалыс белсенділігі туралы ақпарат беріп отырады. Ол арқылы сиырдың ұрықтандыруға әзірлігі анықталады. Әлем бойынша әзірге теңдесі жоқ осынау «болюс» құрылғысы, шамамен, сиырдың ішкі құрылысында бес жылға дейін сақталады. Осылайша, өңірді сүт өнімдерімен қамсыздандырып отырған фермалардың бірі - «Садчиков» серіктестігі ел бойынша бұл тың технологияны ең алғашқы болып қолданысқа енгізді. Егер бәрі ойдағыдай болса, «болюсты» фермадағы барлық 740 сиырға орнатпақ.
Басқарма басшысы ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша кей аудандарда бірде-бір жобаның іске аспағанын да атап өтті. Ал белсенді жұмыс істеген Федоров, Қостанай, Қарабалық, Меңдіқара, Қарасу аудандары жоспарды толығымен орындаған.