Қостанай облысында ҰОС ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету үшін 480 млн. астам теңге бөлінді

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында Қостанай облысының бюджетінен 480 млн. астам теңге бөлінді.

Бұл туралы аймақта 366 ардагер тұрып жатқанын атап өткен облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жеңістің 70 жылдығына орай Қостанай облысында облыстық шаралар жоспары бекітілді. Оларды өткізу үшін республикалық бюджеттен 326,1 млн. теңге бөлінген. Бұл соманың көп бөлігі (322,8 млн. теңге) біржолғы материалдық көмек көрсетуге жіберілсе, қалған 3,3 млн. теңге Астана және Мәскеу қалаларындағы мерекелік шерулерге қатысатын ардагерлердің жол шығындарын өтеуге жұмсалмақ.

«Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне төленетін біржолғы төлемнің көлемі 100 мың теңгені құрайды», - делінген хабарламада.

Облыс деңгейіндегі соғыс ардагерлері бұрынғыдай санаторлық-шипажайлық емдеу қызметімен қамтамасыз етіледі. Ол үшін облыстық бюджеттен 40 млн. жуық теңге бөлінді. Емдеуден 382 адам өтеді, соның ішінде 32 соғыс ардагері мен 16 мүгедегі, сондай-ақ оларға теңестірілген 334 азамат бар. Соғыс ардагерлері Қостанай және Жітіқара қалаларында орналасқан екі оңалту орталығында емделеді.

Соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында облыстық бюджеттен 150 мың теңге көлеміндегі біржолғы төлем жасалады. Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне теңестірілген тұлғаларға 5 АЕК сомасындағы біржолғы көмек беріледі.