Үш бірдей адамның қанын мойнына жүктеген Қостанай облысының тұрғыны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметінен. «95 жастағы зейнеткердің үйде жалғыз екенін білген сотталушы 2013 жылғы 1 желтоқсанда сағат 20.00 шамасында оны тонау мақсатымен келген. Жәбірленуші А.Теньшаковты өз немересінің досы ретінде білетін, сондықтан оны пәтеріне кіргізген. Алкогольді және есірткі затына масаң күйде болған сотталушы есіктен кірген бетте әжейге бірнеше жерден пышақ сұққан. Жарақаты салдарынан жәбірленуші сол жерде көз жұмған. Алайда А.Теньшаков пәтерде жасырылған ақшаны таба алмаған», делінген хабарламада. Тергеу материалдары бойынша, арада бір жылға жуық уақыт өткен соң, 2014 жылғы 15 қазанда А.Теньшаков екі адамды - анасы мен қызын өлтіріп, ол үйден 150 мың теңге ұрлайды. Қылмыс кезінде ол тағы да алкогольді және есірткі затына масаң күйде болған. Сонымен қатар сотталушы жәбірленуші М.Жүнісовты соққыға жығып, 113 750 теңгесін ұрлап, оқиға орнынан жасырынған. А.Теньшаков ҚР ҚК-нің 96-б. 2-б. «а», «в», «д», «з», «н» (қарақшылықпен кісі өлтіру); 178-б. 2-б. «а» (тонау); 179-б. 2-б. «б», «г», «д» (қарақшылық) баптарында қарастырылған қылмыстарды жасаған. Сот А.Теньшаковқа ерекше тәртіптегі колонияда өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар сотталушыға жазасын өтеу орнында психиатр маманда мәжбүрлі түрде амбулаториялық қарау және емдеу түріндегі медициналық шаралар қолданылатын болады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
07:42, 17 Наурыз 2015
Қостанай облысында үш адамның өмірін қиған қылмыскер ғұмыр бойына бас бостандығынан айырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 1981 жылы туған А.Теньшаковқа қатысты сот үкімі шықты.