Қостанай облысында үш дәріхана дәрілерді қымбат бағаға сатып келген

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында дәрі-дәрмектерді қымбат бағаға сатқан дәріханалар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департамент мамандары апта сайын дәріханаларды аралап, медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер бағасына мониторинг жасайды. Кезекті тексеру шараларының нәтижесінде дәрілердің құнын өсіріп сатқан дәріхана желілері анықталды.

«Қостанай қаласының 3 дәріханасында дәрілік препараттарға белгіленген шекті бағадан асырып сату фактілері тіркелді. Мысалы, дәріханадағылар «Ксимелин 0,1%» дәрісінің 10 мл үшін 590 теңге сұраған. Алайда, оның шекті бағасы 501,26 теңгеден аспауы тиіс. Сонымен қатар «Линекс №32», «Зинерит», «Дентинокс-гель», «Грипго» дәрілерінің бірнеше есе артық бағада сатылғаны белгілі болды. Осы фактілер бойынша дәріхана басшыларына ауызша ескерту жасалды. Рейдтік іс-шаралар жалғасатын болады», - дейді департаменттің баспасөз хатшысы Сәуле Манасқызы.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тұрғындарды дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауына қатысты деректерді хабарлауға, заңсыздық туралы уәкілетті органдарға жүгінуге шақырады.