Қостанай облысында жасырын казино ұйымдастырғандар ұсталды
16:04, 10 Ақпан 2021
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының спорт-барларының бірінде жасырын казиноның заңсыз қызметі анықталды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Қостанай облысының экономикалық тергеу департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Департамент қызметкерлері «STOP-ойын» жедел алдын алу шарасы аясында Қостанай қаласының спорт барларын тексерді. Тексеру барысында арнайы ойын жабдықтарын қолданып, жасырын казино ұйымдастырғандар әшкереленді.
Қазіргі уақытта құмар ойындарын өткізгендерге қатысты ҚР ҚК 307-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, әзірге тергеу жүргізіліп жатқандықтан басқа деректер құпия сақталады.