Қостанай облысында жолда қалған жүзден астам адам құтқарылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – 11-12 наурыз күні бұзылған ауа райында жолға шыққан жүзден аса қостанайлық діттеген жеріне жете алмай қалды. Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті жүргізілген құтқару жұмыстары туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысының бірқатар ауданында қатты екпінді жел соғып, жауын-шашын мол түсті, салдарынан жол көрінбей қалған.

«Бір тәулік ішінде құтқарушылар 122 адамды эвакуациялаған, олардың қатарында жеті бала бар, 9 автокөлік жолдың таза бетіне шығарылды. Атап айтқанда, Қамысты, Сарыкөл, Науырзым және Жангелді аудандарында, сонымен қатар Арқалық пен Жітіқара қалаларының маңайында құтқару жұмыстары жүргізілді», - деп хабарлады ведомстводан.

«Құтқарушылар 04:50 мен 11:45 аралығында Арқалық қаласы мен Алуа ауылының арасында 49 адам, 8 жеңіл автокөлікті эвакуациялаған. Сонымен қатар Науырзым ауданында Дәмді ауылынан 15 шақырым жерде 17 жеңіл автокөлік пен бір жүк көлігін эвакуациялаған, көліктерде 50 адам болған, олардың жетеуі – бала.

Құтқару операциялары сәтті аяқталды, ешкім медициналық көмекті қажет етпеді, зардап шеккендер жоқ», - деді ведомстводан.

Қостанай облысының Төтенше жағдайлар бойынша департаменті азаматтарға ауа райының нашарлауына байланысты елді мекендерден алыс кетіп, өмірлерін қатерге тікпеуге кеңес береді.