Тимирязев ауылының жер көлемі - 24 мың гектар. Мұндағы 74 ірілі-ұсақ шаруа қожалығы мал өсіру, жем-шөп дайындаумен тұрақты айналысады. Солардың бірі - «Байқоңырат» ЖШС Тұңғыш Президент күні қарсаңында 40 мың тонна қуаттылыққа ие заманауи нан қабылдау пунктін ашты.
Серіктестік басшысы Қаратай Өтемісевтің айтуынша, жаңа нысанның құны - 60 млн теңге.
«Қамбамыз өте көп мөлшердегі астықты қабылдау мен оны сақтау мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, оны ұзақмерзімдік сақтаудан кейін кондициялық жағдайға жеткізе алады. Шаруашылықтың он мың гектар егіс алқабы бар. Әзірге 5 қойма тұрақты түрде жұмыс істейді. Пунктке астық жеткізу үшін автокөліктермен қатар, темір жолы тасымалы да пайдаланылады», - дейді ол.
Нан қабылдау пункті маңына электронды таразысы бар екі қабатты үй салынды. Алдағы жылы техникаларды қою үшін жабық кешен салу жоспарда бар.
Мұнымен қоса «Байқоңырат» ЖШС ағаш өңдеу және жиһаз цехін ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, серіктестік май шығаратын шағын зауытты да басқарады. Бұл италиялық өндіріс нысаны біраз жылдан бері өз игілігін көрсетіп келеді. Алдыңғы жылы қалпына келтіріліп, қайтадан іске қосылды.