Қостанай облысындағы букмекерлік кеңсе қызметкері жасырын бәс қабылдаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысы Қарабалық аудандық соты жеке пайдасы үшін ставкалар қабылдаған букмекерлік кеңсе қызметкеріне қатысты қылмыстық істі қарады.

Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, айыпкер 2016 жылдың мамыр-шілде айларында «Дан Групп 2010» ЖШС (букмекерлік кеңсе) әкімшісі болып жұмыс істеп, жеке мүліктік мүддесі үшін өз бетімен ставкалар қабылдаған.

«Электронды казинодан түскен пайданы қадағалап және есептеп, өзі ұйымдастырған казиноға 500 теңгеден бастап ақшалай ставкаларды қабылдау туралы кассирге тапсырма берген», - деп жазылған хабарламада.

Сот үкімімен әйел заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруда айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеу, 1 жыл алты айға бас бостандығынан шектеу және тұрғылықты мекенжайында жазасын өтеу мерзімінде пробациялық бақылау орнату түріндегі жаза тағайындалды. 

Үкім әлі заңдық күшіне енген жоқ.