Қостанай облысындағы өрт: Зардап шеккендерге 100 шаршы метрден баспана салынады

АМАНҚАРАҒАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккен тұрғындар үшін аумағы 100 шаршы метрді құрайтын үйлер салынады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тілсіз жалыннан ең көп зардап шеккен елді мекеннің бірі – Аманқарағай ауылы. Жалпы алғанда, Қостанай облысындағы өрт 108 нысанды шарпыды. Оның 91-і – тұрғын үй. Соның ішінде Аманқарағай ауылында – 85, Озерное ауылында 6 баспана зақымдалған.

«Техникалық зерделеу қорытындысы бойынша тұрғын үйлер толықтай жанып кеткендіктен қайта қалпына келтіруге жатпайды. Қазіргі күнде тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Әулиекөл ауылынан 2 гектар жер телімі бөлінді. Ондағы әр 8 сотық жерге жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрайтын бір қабатты баспаналар салынады. Осы орайда айта кетерлігі, Әулиекөл ауылы аудан орталығы болғандықтан елді мекенде инфрақұрылым толықтай жүргізілген. Ауылда әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы нысандардың барлығы бар», - делінген министрлік мәліметінде.

Вице-министр Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстарына тек жергілікті өндірушілердің өнімі қолданылады.

«Жедел түрде жұмысты бастау туралы тапсырма қойылып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі екі ай ішінде құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтауды мақсат етеді. Бұл үшін барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр. Аталған мәселе министрлік басшысының тікелей бақылауында», – деді ол.

«Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ мен ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Мемсараптама» РМК өздерінің жеке қайтарымсыз қаражаты есебінен инженерлік жүйелердің жобасын даярлауға кірісіп кеткен. Мемлекеттік сараптама да институттардың қаржысы есебінен жүргізіледі деп күтілуде.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдайдын салдарын жою мақсатында қажетті қаражат бөлінді. ҚР Премьер-Министрі өткізген отырыста Қостанай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындар үшін жедел арада баспана салу бойынша тапсырма берілді. Қазіргі күнде ҚР ИИДМ көлік қатынасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіп, барлық инфрақұрылымдық нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды іске асыруда.