Қостанай облысының әр ауданында волонтер жасақтары құрылды

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен кеңейтілген аппарат жиынында волонтер жылының нәтижелері баяндалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспаөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл Қостанай облысында жастары қалаларды айтпағанда, шалғай ауылдарда волонтерлер қозғалысын құрып, көптеген игі бастамаларға мұрындық болды. Қазіргі уақытта облыста 90 волонтерлік ұйымның қызметі тіркелген. Олардың жұмысын облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырды.

«Бүгінгі таңда Қостанай облысы волонтерліктің Тaza Álem бағытын таңдаған. Мұнда қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу, қайталама шикізаттан шығармашылық өнімдер жасау арқылы халық экологиясын үйретуге басымдық берілген. Жалпы волонтерлік қозғалысты қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 19 жобаны жүзеге асыруға 18,3 млн теңге қарастырылған. Жыл басынан бері 800-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 6000 волонтер қатысты», - деді Архимед Мұхамбетов.

Расымен де ерікті жастардың облыс тұрғындарына тигізген көмектері көп болды. Жастар көмегі елімізде төтенше жағдай енгізіліп, карантин режимі басталған шақта сезілді. Нәтижесінде Қостанай облысының әр ауданында волонтерлер жастақтары құрылды. Олар шектеу шараларын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстарына да белсенді атсалысып келеді. Волонтерлер полиция қызметкерлерімен бірлесіп, карантин шараларын сақтау туралы парақшаларды, медициналық маскалар мен азық-түліктерді таратты. Волонтер жасақтары аудандық ауруханамен де тығыз байланыста болып, төтенше жағдай кезеңінде зейнеткерлерге және ауруханада есепте тұрған жалғызбасты адамдарға дәрі-дәрмек тасымалдауды ұйымдастырды.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі волонтерлік қозғалысқа қолдау көрсету және жастарды волонтерлік қызметке тарту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.