Қостанай облысының тарихи жәдігерлері - тұңғыш Президенттің мұражайында

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ -Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің мұражайында «Ұлттар мәдениетін ұлықтаған мекен» атты Қостанай облысындағы мұражайлар қорынан ұйымдастырылған көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрменің көк лентасын қию құрметіне ақын-жазушы, Қостанай облысының тумасы Нұрғожа Ораз ие болды. «Бір өңірдің тарихы мен мәдени құндылықтарын паш еткен мұндай көрмелер жиі ұйымдастырылғаны жөн. Осындай көрмелерді тамашалаған жас ұрпақ еліміздің кешегісі мен бүгінгісін біле түседі»,- деді Нұрғожа Нарынбайұлы.

Ашылу салтанатында сөз алған ғалым, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы Қостанай мен Торғай өңірінен шыққан ұлт зиялылары, алаштың арыстары туралы ой толғап, тарихи деректер келтірді. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов ұлттар достығы жарасым тапқан, егінімен аты шыққан өңірдің жетістіктері туралы айтып берді. «Қостанай облысы еліміздің 25 пайыз астығын өндіріп отыр. Ал шетелге шығарылатын астықтың 42 пайызы осы Қостанай өңірінің үесіне тиеді»,- деді.

Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің мұражайының директоры Алма Сағынғали өз сөзінде еліміздің бай тарихын, өнері мен мәдениетін таныстыруға жол ашатын осындай көрмелер алдағы уақытта да өткізілетінін атап өтті. Осы шараның ұйымдастырылуына атсалысқан Қостанайдағы бірқатар мұражайлардың директорларына алғыс хатты табыс етті.

Көрменің ашылуында Қостанай драма театрының әртістерінің қатысуымен шағын қойылым көрсетілді. Онда ғалым-ағартушы Ыбырай Алтынсарин, ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов және тіл ғылымының атасы, алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін сомдаған әртістер осы дарын иелерінің ұлағатты сөздерін, халқына арнаған тілектерін жеткізді.  

Көрмеде Шоқан мен Ахметке және Ыбырайға қатысты тарихи жәдігерлер көрініс тапты. Сонымен қатар қостанайлық суретшілердің картиналары, ұлттық киімдердің үлгісі, тұрмыстық бұйымдар қойылған.

Көрме қазан айының 10-ына дейін жалғасатын болады.