Қостанай облысының тұрғыны бір мезетте бірнеше «жарылыс» ұйымдастырмақ болды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының бұрын сотталған 28 жастағы тұрғыны, жалған лаңкес 19 желтоқсанда телефон арқылы бірнеше нысанға мина қойылғанын хабарлаған.

Бұл туралы облыстың ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлады.

Полиция мәліметіне сәйкес, жалған лаңкес «102» қызметіне бірнеше рет қоңырау шалып, Қарасу ауданы Октябрь кентіндегі орта мектепке, ауданға орталығына, темір жол вокзалы ғимаратына, Құсмұрын кентіндегі темір жол стансасы аумағына бомба қойылғаны туралы хабарлаған.

Барлық жерге жедел ден қою топтары жетті. Аумақтар қоршалды, жарылғыш зат табылған жоқ. Қылмыскер ізінше ұсталды. Оған 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ мемлекетке жалған шақырту шығыстарын өтеу міндеттелді.