Қостанай облысының жалпы өңірлік өнімі 3 пайызға өседі – Мұхамбетов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың қорытындысында Қостанай облысының жалпы өңірлік өнімі 3 пайызға өседі. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясының пандемиясы жағдайында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыспен қамтуды және халықтың табысын сақтау қиын. Алайда, біз бұны жасай алдық. Өткен жылдағыдай, барлық оң макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, біз жалпы өңірлік өнімнің 2 пайыздан астам өсіміне қол жеткіздік», - деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Архимед Мұхамбетовтің дерегінше, осы жылдың 5 айының қорытындысында өнеркәсіпте 9,7 пайыз, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде –14,6, ауыл шаруашылығында – 2,1, негізгі капиталға инвестициялар – 8,8, құрылыста – 29,6, тұрғын үйді пайдалануға беруде 20,3, бөлшек саудада 1,9 пайыз өсім болды.

«Инфляция 3,3 пайызды құрады. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен төмен. Тұтыну бағаларының индексі 103,3, оның ішінде азық-түлік тауарларына 104,8 пайыз болды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 6,1 пайызға дейін өсті. Сондықтан, бүгінгі күні жыл қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің кемінде 3 пайыз өсімін күтудеміз»,- деді облыс басшысы.