Қостанай онкодиспансерінің бас дәрігері пара алғаны үшін сотталды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қалалық №2 сотының үкімімен облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Мүслім Наурзов кінәлі деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

М.Наурзов ауыр қылмыс (бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы ірі көлемде пара алған) жасады деген күдікке ілінген болатын.

«Қостанай қаласы №2 сотының үкімімен азамат Н. ҚР ҚК 366-бабы, 3-тармағы, 4-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған ҚР ҚК 55-бабының 5, 6-тармақтары бойынша төменгі шекті жаза тағайындалды. Сотталушы қауіпсіздігі төмендетілген қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 4 жыл жазасын өтейді. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды», - деп атап өтті облыстық соттың баспасөз қызметіндегілер.

Осы үкіммен оның орынбасары Дәулет Бөпежанов та кінәлі деп танылып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан өмір бойына шеттетілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.