Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қоқыс шығару компаниясына қарсы берген азаматтық ісін қарады. Талап-арыз Қостанай тұрғындары үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифін қайта есептеуді міндеттеуге бағытталған болатын.
Бұған дейін сот мәслихат бекіткен коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинау нормаларын заңсыз деп таныған еді.
Осыдан кейін департаментке тұрғындар «E-otinish» жүйесі арқылы қызмет ақысына қайта есептеуді талап етіп ұжымдық өтініш түсірген.
Алайда сот талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты. Соттың түсіндіруінше, департаменттің компаниядан қала тұрғындарының пайдасына тарифті қайта есептеуді талап етуге заңды құқығы жоқ.
Сондай-ақ сот 47 тұрғынның қайта есептеу жүргізу туралы өтінішпен компанияның өзіне тікелей жүгінгенін анықтады. Компания бұл талапты ерікті түрде орындаған. Істі қарау барысында қайта есептеуден бас тарту фактілері тіркелмеген.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Астанада электр жарығының тарифі өзгеруі мүмкін екенін жаздық.