Қостанай тұрғындары олимпиадашыларды қолдады

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлықтар қысқы Олимпиадаға аттанған спортшыларды қолдау мақсатында ауқымды флешмоб өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, бүгін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы ХХIII қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар салтанатты шеруде жүріп өтті.  Олардың қатарында қостанайлықтар - Денис Кузин, Анастасия Крестова және Виталий Пухкало бар. 

«Бүгінгі шара Олимпиадаға аттанған жерлестерімізді қолдау үшін ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсекеге барған спортшылар біздің ғана емес, еліміздің мақтаныштары. Олардың әр жетістігі жас спортшыларға үлгі», - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Вильямс .
 

Жерлестеріне сәттілік тілеу үшін олардың бапкерлері мен туыстары да келді. Виталий Пухкалоның жұбайы Анастасияның айтуынша, спортшы қазір жанкүйерлердің қолдауына зәру.

«Виталий өзінің мансабындағы ең ауқымды спорт жарысына қатысып отыр. Мен онымен бүгін сөйлестім. Оған біздің демеу бергеніміз керек. Ертең мұз айдынына Анастасия Крестова да шығады. Сәттілік тілейміз!» - дейді ол.
 

Сондай-ақ, бұл кеште облыстың жас өнерпаздары концерттік бағдарлама тарту етті. Шара соңында келушілер тегін коньки тебуге мүмкіндік алды. 

        

Соңғы жаңалықтар