Қостанай тұрғыны гаражында 10 келі есірткі сақтаған

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық полицейлер 10 келі 50 грамм гашиш сатпақ болған қала тұрғынын қамауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облыстық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы «Көкнәр-2018» операциясын жалғастырды. Із кесу шаралары барысында бұған дейін есірткі сатып келген қала тұрғыны қолға түсті.

«Күдіктінің гаражын тексеру барысында 10 келі 50 грамм есірткі заты - гашиш салынған пакет табылды. Ол аталған көлемдегі есірткіні сату үшін сақтап келген. Күдікті ҚР ҚК-нің «Аса ірі көлемдегі есірткі заттарын сақтау» бабы бойынша айыпталуда», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер.

Ведомствода мәлім етілгендей, «Көкнәр-2018» операциясы барысында 89 заңбұзушылық анықталды. Барлығы 18 келі есірткі заты тәркіленді.