Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы Ресеймен шектесетін аумақтарда шегіртке үйіріне мониторинг күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM - Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен шегірткеге қарсы күрес жөніндегі орталық жедел штаб отырысында АШМ Мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов мәлімдеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: pexels.com

Ресей Федерациясының шекаралас аумақтарынан шегірткелердің ұшу қаупі жоғары аймаққа: Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы, сондай-ақ үйірлі көші-қон жолдары өтетін Қостанай облысының Жітіқара және Денисов аудандары жатады. Ақтөбе облысы шегірткеге қарсы күрес басқармасының өңірлік орталығының штаб-пәтерін Әйтеке би ауданына көшіру туралы шешім қабылданды. 

Фото: primeminister.kz

Қостанай облысының Жангелді және Қамысты аудандарында көшпелі шегіртке үйірін жедел өңдеу үшін 21 техника жұмыс істейді. Шегірткелердің саны көбейген жағдайда қосымша техника жеткізуге дайындық бар. 

Фото: primeminister.kz

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы атап өткендей, Ресей салалық ведомствосымен бірлескен қарсы іс-қимыл шаралары пысықталып жатыр. Сонымен қатар Қытай мен Өзбекстан шекарасында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Фото: primeminister.kz

Бүгінгі таңда шегіртке үйіріне қарсы қорғаныс шаралары 1,3 млн гектарға немесе болжанған алаңның 51,7%-ына жүргізілді. Италиялық прусқа қарсы химиялық өңдеу 920,6 мың гектарға немесе болжам аумақтың 44,5%-ына жасалды. Оның ішінде Қостанай облысында 184 мың гектар немесе қажетті алқаптың 84%-ы, Ақтөбе облысында – 431,5 мың гектар немесе 93%-ы өңделді.