Қостанай жолдарының 85% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда
«Қостанай облысында еліміз бойынша ең ұзын автожол (9 179 шақырым) тіркелген. Биыл автожол саласының бюджеті 55,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 30%-ке артық. Биыл 446 шақырым автожол (48 учаске) және елді мекендердегі көшелердің 299 учаскесі жөнделеді», - деді Қ. Ақсақалов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 57 елді мекеннің 118 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Қазір «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 85% құрайды, биылғы жыл қорытындысы бойынша үлесті 87%-ке дейін жеткізу жоспарлануда», - деді Құмар Ақсақалов.
Айта кетейік, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов елордада айдағы әлеуметтік-экономикалық даму жөнінде есеп беруде.