«Биыл білім беру саласын қаржыландыру көлемі 16,8%-ке өсті және 176,5 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін 3 мектептің құрылысы аяқталады, Ал 2025 жылға дейін Қостанай, Арқалық, Рудный қалаларында, Әулиекөл, Қарабалық аудандарында 10 заманауи мектеп салу жоспарлануда, оның 8-і «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде жүргізіледі», - деді Қ. Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, бұл шаралар оқушы орындарының тапшылығын шамамен 12 мыңға азайтуға мүмкіндік береді.
«Қостанай қаласында заманауи Смарт-орталық құрылысы жалғасуда, онда 1 300 оқушы ғылыми және техникалық салада өз қабілеттерін дамыта алады. Мұнда робототехника және бағдарламалау кабинеттері, киберспорт залы, ландшафттық дизайн студиясы, көптеген зертханалар жұмыс істейді. Бұдан басқа, 142 білім беру нысаны жөнделеді, осы мақсаттарға 5,8 млрд теңге қарастырылған.
Біз үшін біліммен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда. Барлық білім беру нысандары бейнебақылау камераларымен (100%), лицензияланған күзетпен (100%) және дабыл түймелерімен (100%) жабдықталған», - деп толықтырды Құмар Ақсақалов.