Биыл «Қостанай аулалары» бағдарламасы аясында, қаланың 28 ауласы абаттандырылады, сонымен қатар 15 көпсалалы хоккей алаңы, 13 футбол алаңы және жаттығу алаңқайлары орнатылады. Жалпы, 2018 жылы жол кешені бойынша 39 көше, соның ішінде квартал ішілік аумақтар жөнделуден өтеді.
«Қостанай қаласында «Smart city» жобасының 5 бағыты жүзеге асырылады. Солардың бірі - «Ақылды қала». Бұл кешенді жүйе жолаушыларды қоғамдық көлік қозғалысының кестесі, автобустардың жүретін жолы туралы жедел ақпаратпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар орын алған болса, лезде хабар береді. Қала тұрғындары аталған жобаның қосымшасын өз телефондарына жүктей алады», - деді қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алексей Тарасов.
Оның айтуынша, бүгінде қалаға 10 мыңға жуық жарықшамдар қажет. Ол 309 шақырымға созылатын жол жиегіне орнатылады. Қазірдің өзінде Қостанай-2 шағынауданында көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы, биыл 10 көше қалыпқа келтіріледі. Оған 4,2 млрд теңге жұмсалады. Олардың ішінде былтыр аяқсыз қалған 3 нысан осы жылы аяқталады. Олар: Гоголь-Амангелді көшелерімен шектесетін Набережная көшесі; Қайырбеков-Бородин көшелерімен шектесетін Лермонтов көшесі; Уральский-Воин-интернационалистер көшелерімен шектесетін Тәуелсіздік көшесі. 2017 жылы қала көшелерінде 51 аялдама бекеті орнатылды. Ағымдағы жылы бұл жұмыстар жалғасып, тағы да 40 аялдама бекеті тұрғызылмақ.