Қостанайда 130 жылдық тарихы бар мешітті жөндеу жұмыстары қашан аяқталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанайда 1890 жылы салынған Марал Ишан мешітін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары тура бір жылдан кейін аяқталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінге дейін бұл мешіт Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының балансында болды. ҚМДБ-ның балансынан бізге өткізу процедуралары бір жарым жылдай уақыт алды. Арнайы «Ақмешіт» қоры құрылды. Оны облысымызға еңбегі сіңген қайраткер Сабыржан Ахметұлы басқарады. Демеушілер қаржы бөлді. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Біз бұл бағытта Татарстанға еңбегі сіңген сәулетшіні арнайы шақырдық. 2019 жылдың 1 наурызына дейін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өтеді. Одан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Оны 6-8 айда аяқтауды жоспарлап отырмыз. 2019 жылдың осы мезгілінде - қазан-қараша айларында толығымен бітіруді көздеп отырмыз», - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бүгін Астанада өткен брифинг барысында.

Архимед Мұхамбетов өз сөзінде мешітке 30 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмегенін тілге тиек етті.

«Су құрылғылары, барлығы пайдаға аспай тозып тұр. Сондықтан, күрделі жөндеу жұмыстарын өзім жіті бақылауға алып отырмын», - деді ол.

Айта кетсек, Марал Ишан мешіті тарихын ХІХ ғасырдан бастайтын көне мешіттердің бірі. Бұрынғы - Ақмешіт. 1879 жылы Тобыл өзені жағасынан бой көтерген Қостанайда бас-аяғы бес-алты жыл ішінде өндіріс орындары ашылып, жан-жақтан ел жиналды. Бірте-бірте өсе келе, аймақ орталығына айналды. Қалаға мұсылмандар көптеп орнығуына орай имандылықты насихаттайтын мешіт мәселесі қолға алына бастады. Дін үйі жергілікті халықтың қаржысына, асар әдісімен салынды. 

Еске сала кетсек, аталмыш брифингте Архимед Мұхамбетов Қостанай облысында жыл басынан бері автокөлік құрастыру 15,7 пайызға артқанын айтты. Оның сөзіне құлақ ассақ, осындай өсіммен Қостанай облысы 2023 жылға қарай жылына 60 мың автокөлік шығаруды көздеп отыр.

Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірдегі агроөнеркәсіптік кешен саласына цифрлық технологиялар қалай енгізіліп жатқанын, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша қанша қостанайлық баспаналы болғанын айтып берді.