Қостанайда 2 мыңнан астам дәрігерге үстемеақы төленді

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында коронавируспен күреске жұмылдырылған 2 мыңнан астам дәрігерге қосымша үстемеақы төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалына сілтеме жасап.

Елімізде короновирус инфекциясымен күресуге жұмылдырылған 100 мыңнан астам медицина қызметкеріне үстемеақы төленді. Бұл үшін республикалық бюджеттен Медициналық сақтандыру қорына 35 млрд 700 млн теңге бөлінді. Ал Қостанай облысының ақхалаттыларына 2 млрд теңгеге жуық үстемеақы төленді.

Медициналық сақтандыру қоры қауіпті жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің саны ай сайын артып келе жатқанын хабарлады. Егер наурыз айында үстемеақыны 19 мыңнан астам қызметкер алса, мамыр айында олардың саны 40 мың адамға дейін өсті. Қостанай облысында маусым айы үшін 2000-ға жуық дәрігер өтемақы алды. Қазір олардың қатары артты. Өтемақыға ие болған дәрігерлердің 366-сы бірінші дәрежелі тәуекел тобына, 749-ы екінші, 759-ы үшінші дәрежелі тәуекел тобына жатады.

«2020 жылы коронавирустық инфекцияның алдын алуға, диагностикалауға және емдеуге, сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге 10,9 млрд теңге бөлінді. Бүгінде оның 5,5 млрд теңгесі игерілді. Облыстың медициналық ұйымдарын қаржыландыру үшін 2021 жылы 62,9 млрд теңге бағытталады», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Сәуле Аймұхамбетова.

Облыста коронавирустық инфекцияның алдын алуға және емдеуге тікелей қатысқан дәрігерлерді қолдау жалғасуда. Бұған дейін 1,5 млн теңге көлеміндегі көтерме ақы тек ауылға баратын дәрігерлерге ғана беріліп келсе, биылдан бастап қалалардағы медициналық мекемелерге жұмыс істеуге келген мамандарға да 1 млн теңгеден қолдау көрсетіледі.

Медицина кадрларын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Осы жылы медициналық қызметкерлер үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-нан 100 пәтер сатып алынады. Бұдан бөлек 640 пәтерлік жалға берілетін үйлердің құрылысы жүргізілуде, олардың негізгі бөлігі медицина қызметкерлері арасында бөлінетін болады.