Қостанайда 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басу қаупі бар

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанай облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін 461 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат tobyl-torgai.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық ТЖД бастығы Талғат Кәкімов тасқын суға қарсы жағдайды толық бақылауда ұстау үшін арнайы топ құрылғанын айтты. Қызметкерлер Арқалық қаласындағы Үштөбе, Ашутасты, Ақжар өзендерінің аңғарын және қар суы жиналатын сайларды қарап, тексеріп шықты. Қараторғай, Сарыторғай, Саба өзендеріне жақын орналасқан елді мекендерде жыл сайын су тасқыны болатын. Биыл ондай қауіп жоқ деп отыр құтқарушылар. Аманкелді ауданына қарасты Амантоғай, Үрпек, Қарасу ауылының маңындағы Жалдама және Торғай өзендері де арнадан аспауы тиіс.

«Қостанай қаласында шамамен 8 мың тұрғыны бар екі мыңнан астам тұрғын үйді қар суы басуы мүмкін. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе су басуы мүмкін алқаптардағы осал учаскелер анықталып, тұрақты бақылауда тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы су басу қаупі бар аймақта тұратын жүкті әйелдерді есепке алды. Су басу аймағынан эвакуацияланған азаматтарды уақытша орналастыруға 152 нысанды дайындап отырмыз. Оның ішінде жатақхана, қонақ үй, білім нысандары бар. 30 шатыр мен 32 киіз үй де дайын. Одан басқа 3 мың 248 кереует, 6 мың 67 төсек орын жиынтығы және 5 мың 798 тонна азық-түлік қарастырылды», - дейді Талғат Кәкімов.

Тасқын суға қарсы қимылға Қостанайда 2 262 адам және 826 техника тартылады. Су басуы мүмкін аймақтарда 488 инженерлік техника, 221 жүк көлігі, 137 автобус, 83 жүзу құралы, 245 суды сорғытып алатын арнайы техника дайын тұр.

«Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Лариса Кузьминаның мәліметінше, облыста қыстай жауған қардағы су қоры былтырғының 40% ғана құрайды екен. Ал су қоймаларындағы су оның 68% толтырып тұр, 449 млн текше метр су сиятын орын бар. Алайда, су тасқыны ылғи қардың көптігінен бола бермейді. Су өткізгештердің бітеліп қалуынан кептелген су ойдағы ауылдарды басатын.