Облыстық ТЖД бастығы Талғат Кәкімов тасқын суға қарсы жағдайды толық бақылауда ұстау үшін арнайы штаб құрылғанын айтты. Қызметкерлер облыстың шалғай аудандарына жіберіледі. Бұған қоса, су тасқыны қаупі бар гидротехникалық құрылыстарды бақылау бойынша кезекшілік ұйымдастырылды.
«Тасқын судың алдын алу бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бастапқыда 96 елдімекен су басу қаупі бар аумақтар санатына алынған. Алайда, қазіргі уақытта нақты қауіп 39 елдімекенге тиіп отыр. Қарғын судың алдын алу және жою бойынша жол картасы жасалды. Оған 442,8 млн теңге бөлінді», - деді департамент бастығы.
Қостанай қаласының аумағында, Дружба ауылының Луговая, 70 лет Октября, Пионерская, Хәкімжанов, 30 лет Целины, Парковая көшелері, 2-Қостанай ауданындағы Энгельс, Некрасов, Тургенев, Спартак, Крупская, Химиктер, Солнечная, Достық, Самал, Ақсу көшелері, Красный Кузнец, Пионерская, жас жауынгер көшелері, сонымен бірге Нариман базары ауданындағы Тобыл көшесіне қар суынан қауіп бар. Сондай-ақ, үйіліп-жиылған қарды жаппай қала сыртына шығару түн мезгілдерінде жүзеге асырылады. Өйткені, күндізгі әлетте төгінділерді тысқа тасу жұмыстары, көшелерде көлік қозғалыстарының көп болуына байланысты, ширақ әрі сапалы жүрмеуі мүмкін дейді мамандар. Қазіргі уақытта «Таза-Жол АТ» ЖШС, «АБЗ плюс» ЖШС, «Вектор» ЖШС, «Экол» ЖШС мердігерлік ұйымдары бел жазбай жұмыс істеуде. Жол тазалау қызметі алғашқы кезекте қоғамдық көліктер қозғалысы тығыз, негізгі көше бағыттарын қардан аршыды.
«Қазгидромет» РМК Қостанай қаласы бойынша филиалының мәліметінше, бүгінде қар жамылғысының орташа мөлшері 21 см-ге жетті. Бұл жылдық нормадан 5%-ға артық. Таяу арада су айдындарында жарылыс жұмыстары жүргізілмек. Азаматтық қорғау қызметі жасақталып, қауіпсіздік бекеттері әзірленуде.