Тұрғындарды толғандыратын мәселелердің бірі - жер қатынастары саласындағы келеңсіздіктер. Қазақстанның Еңбек Ері, «Қарқын» шаруа қожалығының басшысы Сайран Бұқановтың айтуынша, жеке тұрғын үй құрылысы мақсатында тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлер көп. Бұл мәселеде әлі жүйелі тәртіп орнаған жоқ.
«Бүгінде Жерді пайдалану және қорғау басқармасы 418 мың гектар алқапта тексеру шараларын жүргізуде. Олардың иелері толығымен анықталмаған және жер үлесі туралы ашық мәлімет жоқ. Тек осы жылы 155 мың гектар жерді алу туралы соттың талап-арыздары шықты. Соның 39 мың гектары ғана мәжбүрлі түрде алынды», - деді Сайран Бұқанов.
Жерді пайдалану және қорғау басқармасының тексерісінен кейін 2018 жылы Ломоносов ауылдық округіндегі «Агро жер» ЖШС 16,7 мың га жерді заңсыз иемденгені белгілі болды.
«Расымен де жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық рәсімдер өзекті мәселеге айналып отыр. Мұны Елбасы өзінің Жолдауында баса айтты. Қостанайда тұрғындарға жерді бөлу процесінде де әлдебір сұрақтар туындайды. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты тексеру қажет. Жер саласындағы қағазбастылық азаяды деп үміттенеміз», - деп түсіндірді Сайран Бұқанов.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арналған Жолдауында жер қоры мен жылжымайтын мүлік туралы бірыңғай ақпараттық база жасауды тапсырды.
Сонымен қатар, жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық рәсімдер өзекті мәселеге айналғанын айтты.
«Қарқын» шаруа қожалығы басшысы Елбасы қойған міндеттердің ауқымды екеніне тоқталды. Сол себепті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тиісті министрлікке ұсыныс жасауы керек.
«Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы техникаларын субсидиялауды 25 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту қажет. Себебі, техникалардың, жанар-жағармайдың бағасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге дейін өсіп кетті. Керісінше, астықты өз бағасына әрең өткіземіз. Осы мәселе агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруды іске асыру кезінде тағы бір қаралады деп сенеміз», - деді ол жиын барысында.