Қостанайда 500 жұмыс орнын қамтитын жаңа орталық ашылды

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлықтар асыға күтіп жүрген «Kostanay Plaza» ойын-сауық орталығы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашылу салтанатына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, Қостанай қаласы әкімі Базыл Жақыпов пен «БК-Строй» компаниясының басшысы Игор Ким қатысып, лентасын қиды.

«Қала тұрғындары мен қонақтарына жақсы жағдай жасау біздің басты міндетіміз. Бүгін тағы бір қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Бұл - облыс орталығындағы ерекше ғимараттардың бірі. Құрылыс жұмыстарына жергілікті құрылыс материалдары қолданылды. Инвестиция көлемі 4 млрд теңгені құрап отыр және 500 жұмыс орны ашылды», -деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.

«Kostanay Plaza» - бұл облыстағы ең ірі ойын-сауық нысаны. Көлемі - 18424 шаршы метр. Ғимарат Қостанайдың солтүстік-батысындағы «Алтын Арман» шағын ауданында орналасқан. «Kostanay Plaza» маңындағы автортұраққа бір мезетте 600 көлік аялдай алады.

Бұл ғимарат заманауи талаптарға жауап бере алады. Гипермаркет, Фуд-корт (тамақтану аймағы), фэшн-индустрия тауарлары дүкені, тұрмыстық техникалар сатылатын орын, балаларға арналған "Funky town" саябағы жұмыс істейді. Ал кинотеатр 730 адамға арналған.

Ойын-сауық орталығының ашылуына орай қаладағы №38 автобустың қозғалыс бағыты да өзгерді. Енді тұрғындар «Алтын Арман» сауда үйіне қиындықсыз қатынай алады.   

Соңғы жаңалықтар