Қостанайда 6 мемқызметші демалыс кезінде еркінен тыс жұмысқа шыққан

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында 6 мемлекеттік қызметші өз еркінен тыс еңбек демалысын бұзуға мәжбүр болған. Бұл туралы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілердің еңбек демалысы бойынша сараптама жасады. Нәтижесінде, 283 қызметкер өз еріктерімен еңбек демалысын бұзып, жұмысқа шыққан.

«Анонимді сауалнамаға қатысқан 1545 мемқызметші жұмыс орындарында жыл сайын еңбек демалысы қарастырылатынын көрсетті. Сараптама қорытындысы бойынша 6 адамның өз еркінен тыс жұмысқа шақыртылғаны анықталды. Бұл қызметкерлер Амангелді, Әулиекөл, Қарсау, Науырзым аудандары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мен ветеринария басқармаларында жұмыс істейді. Мемлекеттік қызмет саласындағы заң талаптарының бұзылмауы үшін тиісті сараптама жұмыстары жасалды», - деді агенттіктің Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Қасенов.

Мемлекеттік қызметшілерге тұрғын үй беру мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Облыстағы 5955 мемлекеттік қызметшінің 1892-сі баспанаға немесе тұрғын үй салу үшін берілетін жер учаскесіне мұқтаж.

«Бүгінде 1171 мемқызметші тұрғын үй кезегінде тұр. Дегенмен, тұрғын үй кезегі бойынша облыста бірнеше заңсыздықтар анықталды», - деді А.Қасенов.

Әдеп кеңесінде айтылған заң бұзушылықтар бойынша, агенттік тарапынан аудан, қала әкімдеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және қызметкерлердің тәртіптік жауапкершіліктерін қарау туралы ұсыныстар берілді.