Қостанайда 7 жасар қыз өрттен аман қалды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда ТЖД қызметкерлері 7 жасар баланы өрттен құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

27 қазан күні сағат 13:00 шамасында облыстық төтенше жағдайлар департаменті кезекші бөлімі Қобыланды батыр көшесіндегі үйдің бірінен түтін шығып жатқаны туралы хабарлама алады. Оқиға орнына №2 арнайы өрт сөндіру бөлімі бағытталды. Көршілер үй ішінде 7 жасар қыздың барын айтқан.

«Департамент қызметкерлері келгенде 24 А үйдің бірінші қабатынан түтін шығып жатты. Құтқарушыларға өрт басталған 167-ші пәтердің темір есігі қиындық келтірді. Олар терезені сындырып кірді. Әуелі, іштегі бала шығарылып, жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілді. Қазір оның жағдайы бірқалыпты», - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Өрт пеш үстіндегі тамақтың күюінен соң шыққан. Шығын көлемі анықталған жоқ. Өрт аумағына 10 адам мен 3 арнайы техника жұмылдырылды.