Қостанайда аптап ыстық салдарынан жедел жәрдем қызметіне түсетін жүктеме артты

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында қалыптан тыс ыстық ауа райы салдарынан жедел медициналық жәрдем қызметіне түсетін жүктеме айтарлықтай өсті. Соңғы бір аптада шақыртулар саны алдыңғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 200-ге артқан.

Фото: Kazinform

Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, соңғы аптада қызметке 7 мыңға жуық шақырту түскен. Медициналық бригадалар олардың 5692-сіне қызмет көрсеткен.

Орта есеппен мамандар тәулігіне 800-ге жуық шақыртуға шығады.

Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда өтініштер саны бір апта ішінде шамамен 200 шақыртуға көбейген. Мамандар мұның негізгі себебі ретінде өңірдегі аптап ыстықты атап отыр.

Жоғары температура кезеңі басталғалы бері күн өтуге байланысты 35 шақырту тіркелген.

Сондай-ақ ыстық күндері жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастарға, қарттарға және жоғары температураға сезімтал балаларға медициналық көмек жиі қажет болған.

Дәрігерлер өңір тұрғындарына күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт далада жүрмеуге, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішуге және мүмкіндігінше ашық ауадағы ауыр дене еңбегін шектеуге кеңес береді.

Айта кетейік, бүгін елімізде 46 градусқа дейін аптап ыстық болады.